Ұлы даланың жеті қыры мақаласы. Ұжымдық талдау » СШ №46
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы
Тараз қаласы білім бөлімінің
«№46 орта мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7(7262) 54-64-66
Есепші бөлімі:
+7(7262) 54-64-66
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Ұлы даланың жеті қыры мақаласы. Ұжымдық талдау
04
қаңтар
2019

Ұлы даланың жеті қыры мақаласы. Ұжымдық талдау

Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уа­қыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уа­қыт пен кеңіс­тіктің көкжиегі тоғысқан кез­де ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ға­на әдемі афо­ризм емес. Шын мәнінде, немістердің, ита­лия­лық­тардың немесе үнді ха­лық­та­рының жыл­намасына көз жү­гіртсек, олар­дың мың­даған жылды қамтитын төл тари­хын­дағы ұлы жетістіктерінің де­ні осы ел­дер қазір ме­кен етіп жат­қан аумақтарға қа­тыс­тылығы жөнінде сұ­рақ туын­дай­тыны орын­ды. Әрине, ежел­гі Рим деген қа­зіргі Ита­лия емес, бірақ италиялықтар өз­де­рінің та­рихи тамырымен мақтана ала­ды. Бұл – орын­ды мақтаныш. Сол сияқ­ты, ежелгі гот­тар мен бүгінгі неміс­тер де бір ха­лық емес, бірақ олар да Гер­манияның мол тарихи мұрасының бір бөл­шегі. По­лиэ­тни­калық бай мәдениеті бар ежел­гі Үн­дістан мен бүгінгі үнді хал­қын тарих тол­қынында үздіксіз дамып ке­ле жатқан бі­регей өркениет ретінде қа­­растыруға бо­лады. Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлт­­­тық тарихымызға терең үңіліп, оның күр­­­меулі түйінін шешуге мүмкіндік туа­­ды. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақ­та­рымен емес, тұтастай қалпында қа­зіргі за­манауи ғылым тұрғысынан қа­рағанда тү­сінікті болуға тиіс. Оған қа­жетті дәйек­те­ріміз де жеткілікті. Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бір­лес­тік­тердің дені қазіргі Қазақстан аума­ғын­да құрылып, қазақ ұлты этногенезінің не­гізгі элементтерін құрап отыр. Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мә­дени жетістіктер шоғыры даламызға сырт­тан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең байтақ өлкеде пайда болып, со­дан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды. Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің баба­ла­ры­мыз­дың өз заманындағы ең озық, ең үздік тех­нологиялық жаңалықтарға тікелей қа­тысы бар екенін айғақтайды. Бұл жә­дігерлер Ұлы даланың жаһандық та­рих­тағы орнына тың көзқараспен қарауға мүм­кіндік береді. Тіпті, қазақтың кейбір ру тайпа­лары­ның атаулары «қазақ» этнонимінен талай ға­сыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біз­дің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұ­ған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еу­ро­пацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топ­тар біздің ұлтымыздың тарихи этно­ге­не­зінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұл­тартпас фактілерді көруге мүмкіндік бер­ген жоқ. Сонымен бірге, ұзақ уақыттан бері біз­дің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көп­теген этностарға ортақ Қазақстан та­ри­хы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этнос­тар­дың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлес­терін қосқан бүкіл халқымызға ортақ та­рих. Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ, қандай да бір тарихи оқи­ғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұр­ғыдан ғана сипаттаумен шектелуге бол­майды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажы­рамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бір­лескенде жеке адамдардың да, тұтас ха­лықтардың да өміріне қайталанбас реңк бе­реді. Біздің тарихымызда қасіретті сәт­­тер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл со­­ғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұр­­ғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қу­ғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмы­туға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ау­қым­ды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмен­де­тіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсе­тейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене оты­рып, жаһандық тарихтағы өз рөліміз­ді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіс­піз. Сонымен, Ұлы даланың жеті қырына тоқ­талайық. І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ Біздің жеріміз материалдық мә­де­ниет­тің көптеген дүниелерінің пайда бол­ған орны, бастау бұлағы десек, асыра айт­қандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажы­рамас бөлшегіне айналған көптеген бұйым­дар кезінде біздің өлкемізде ойлап та­был­ған. Ұлы даланы мекен еткен ежел­гі адамдар талай техникалық жаңалықтар ой­лап тауып, бұрын-соңды қолданыл­ма­ған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адам­зат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жыл­намалар бүгінгі қазақтардың арғы ба­балары ұланғайыр Еуразия құрлығын­да­ғы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді. 1. Атқа міну мәдениеті Атқа міну мәдениеті мен жылқы ша­руа­шылығы жер жүзіне Ұлы даладан та­ра­ғаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энео­лит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүр­гізілген қазба жұмыстары жылқының тұң­ғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қол­ға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біз­дің бабаларымыз өз дәуірінде адам айт­қысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ау­қым­да алсақ, шаруашылық пен әскери са­ладағы теңдессіз революцияға жол аш­ты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мә­дениетінің де негізін қалады. Бес қа­руын асынған салт атты сарбаз айбарлы көш­пенділер империялары тарих сах­насына шыққан дәуірдің символына ай­налды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бей­несі – батырлар заманының ең таны­мал эмблемасы, сонымен қатар, атты әс­кердің пайда болуына байланысты қа­лыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени ко­дының» айрықша элементі. Автокөлік қозғалтқыштарының қуа­ты әлі күнге дейін аттың күшімен өл­ше­неді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт ат­ты­лар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құр­меттің белгісі. Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қа­зақ жерінен тараған осынау ұлы тех­нологиялық революцияның жемісін адам­зат баласы ХІХ ғасырға дейін пай­даланып келгенін ұмытпауға тиіспіз. Қазіргі киім үлгісінің базалық ком­поненттері Дала өркениетінің ерте ке­зеңі­нен тамыр тартады. Атқа міну мә­де­ниеті салт атты жауынгердің ықшам киім үл­гісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүр­ген­де ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз ал­ғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша, кәдімгі шал­бар­дың алғашқы нұсқасы пайда болды. Бұл салт атты адамдардың ат құла­ғын­да ойнауына, ұрыс кезінде еркін қи­мылдауына мүмкіндік берді. Дала тұр­ғын­дары теріден, киізден, кендір мен жүн­нен, кенептен шалбар тікті. Содан бе­рі мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары ке­зінде табылған көне шалбарлардың қа­зіргі шалбардан еш айырмасы жоқ. Сонымен қатар, бүгінгі етіктердің бар­лық түрі көшпенділер атқа мінгенде ки­ген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұ­рагерлері» екені белгілі. Ат үстінде жүрген көшпенділер та­қы­мына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мі­ніп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзең­гіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт ат­ты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мы­ғым отыруына, сонымен бірге шауып ба­ра жатып, қолындағы қаруын еш қиын­дықсыз және неғұрлым тиімді қол­дануына мүмкіндік берді. Бабаларымыз шапқан аттың үстінен са­дақ тартуды барынша жетілдірді. Соған бай­ланысты қарудың құрылымы да өзге­ріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түс­ті. Масағына қауырсын тағылып, ме­тал­мен ұшталған жебе берен сауытты те­сіп өтетін көбебұзарға айналды. Қазақстан аумағында өмір сүрген түр­кі тайпалары ойлап тапқан тағы бір тех­нологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерек­ше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды. Сарбаз бен оның мінген атын қорғау­ға арналған сауытты да алғаш рет біздің ба­баларымыз жасаған. Еуразия көш­пен­ді­лерінің айрықша маңызды әскери жаңа­лығына баланған мұздай темір құр­санған атты әскер осылайша пайда бол­ды. Отты қару пайда болып, жаппай қол­­­­данысқа енгенге дейін атты әскердің да­муы біздің дәуірімізге дейінгі І мың­жылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры ара­сында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауын­гер­лік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жа­сақтың ерекше түрі – айбарлы атты әс­кердің қалыптасуына ықпал етті. 2. Ұлы даладағы ежелгі металлургия Металл өндірудің амал-тәсілдерін та­бу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адам­зат дамуының барысын түбегейлі өз­гертті. Сан алуан металл кендеріне бай қа­зақ жері – металлургия пайда болған ал­ғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі за­манда-ақ Қазақстанның Орталық, Сол­түстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда бо­лып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады. Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым бе­рік металдар өндіру ісін дамытып, олар­дың жедел технологиялық ілге­рі­леуі­не жол ашты. Қазба жұмыстары ба­ры­сында табылған металл қорытатын пеш­тер мен қолдан жасалған әшекей бұйым­дары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық зат­тары мен қару-жарақтары бұл туралы те­реңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежел­гі замандарда біздің жеріміздегі дала өр­кениеті технологиялық тұрғыдан қан­шалықты қарқынды дамығанын көр­се­теді. 3. Аң стилі Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ор­та­мен етене өмір сүріп, өздерін таби­ғат­тың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл бас­ты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы ме­кен­деген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақ­стан­ның ежелгі тұрғындарының озық мә­де­ние­ті болды. Олардың мұрасының жарқын көрі­ні­сі, көркем болмысы мен рухани бай­лы­ғы­ның айшықты белгісі – «аң стилі өне­рі». Жануарлар бейнесін тұрмыста пай­далану адам мен табиғаттың өзара бай­­ланысының символына баланып, көш­пенділердің рухани бағдарын айқын­дап отырған. Олар жыртқыштардың, негізінен мы­сық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қол­данған. Егемен Қазақстанның сим­вол­дарының бірі – жергілікті жануарлар әле­мінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес. Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың ай­рықша жоғары өндірістік тәжірибесі бол­ғанын көрсетеді. Олар оюлап кес­кін­деуді, металмен жұмыс істеудің тех­никасын, соның ішінде, мыс пен қоладан бал­қымалар жасаудың және құймалар құю­дың, жайма алтын дайындаудың күр­делі әдістерін жақсы меңгерген. Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнер­дегі биік белестердің бірі саналады. 4. Алтын адам Біздің түп-тамырымызға жаңаша көз­қа­распен қарауға жол ашып, әлемдік ғы­­лым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қор­ға­ны­нан табылған, өнертанушы ғалымдар ара­сында «қазақстандық Тутанхамон» де­ген атқа ие болған «Алтын адам». Бұл жауынгер талай тылсым құ­пия­ның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен там­сандыратын аса жоғары деңгейдегі көр­кем дүниелер жасаған. Жауынгердің ал­тынмен апталған киімдері ежелгі ше­берлердің алтын өңдеу техникасын жақ­сы меңгергенін аңғартады. Сонымен бір­ге, бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлық­тап, оның мәртебесін күн секілді құ­ді­рет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қо­рымдағы сән-салтанатты жасау-жаб­дық­тар ежелгі бабаларымыздың зият­кер­лік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауын­гердің жанынан табылған күміс ке­селердің бірінде ойып жазылған таң­балар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі. 5. Түркі әлемінің бесігі Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ға­сырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі са­нал­ды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды. Тарих пен география түркі мем­ле­кет­тері мен ұлы көшпенділер империялары са­бақтастығының айрықша моделін қа­лыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уа­қыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ға­сырдағы Қазақстанның экономикалық, сая­си және мәдени өмірінде өзінің өш­пес ізін қалдырды. Орасан зор кеңістікті игере білген түр­кілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның жә­не әлемдік сауданың орталығына ай­нал­ған ортағасырлық қалалардың гүл­денуі­не жол ашты. Мәселен, орта ғасыр­дағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі ха­лық­тарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Яссауи Түркістан қала­сын­да өмір сүріп, ілім таратқан. 6. Ұлы Жібек жолы Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтым­ды, яғни Еуразия құрлығының кін­дігінде орналасуы ежелден әртүрлі мем­лекеттер мен өркениеттер арасында тран­зиттік «дәліздердің» пайда болуына сеп­тігін тигізді. Біздің дәуірімізден бас­тап бұл құрлық жолдары Үлкен Еура­зия­ның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мә­дениет саласындағы байланыстардың транс­континентальды желісіне – Ұлы Жі­бек жолы жүйесіне айналды. Бұл жол халықтар арасындағы жаһан­дық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынт­ымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды. Керуен жолдарын мінсіз ұйымдас­ты­рып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дә­некері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үн­ді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шы­ғыс және славян өркениеттерін байла­ныс­тырды. Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Тү­рік империяларының аумағын қамтыды. Ор­талық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену ше­гіне жетіп, халықаралық ауқымда эко­номиканы өркендетуге және мәдениетті да­мытуға септігін тигізді. 7. Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қыз­ғалдақтың «тарихи отаны» екені ғы­лы­ми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бі­рақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңы­зы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жа­рып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қа­зір де әлемдегі алма атаулының арғы ата­сы – Сиверс алмасының отаны са­на­ла­ды. Дәл осы тұқым ең көп таралған же­місті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін ал­ма – біздегі алманың генетикалық бір тү­рі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Ала­тауы баурайынан Ұлы Жібек жолының кө­не бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының сим­волы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп атал­­­ды. Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тау­ла­рының етегінен әлі күнге дейін жер­гілікті өсімдіктер әлемінің жауһары са­на­латын Регель қызғалдақтарын бас­тап­қы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсім­діктер біздің жерімізде Тянь-Шань тау­ларының етегі мен шөлейт даланың түйі­сер тұсында пайда болған. Қазақ то­пырағындағы осынау қарапайым, сон­дай-ақ, ерекше гүлдер өз әдемілігімен көп­теген халықтың жүрегін жаулап, бір­­­тіндеп бүкіл әлемге тарады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мың­нан астам түрі бар, олардың басым көп­шілігі – біздің дала қызғалдағының «ұр­пағы». Қазір Қазақстанда қызғал­дақ­тың 35 түрі өседі.

[center]



[/center]
Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив