«Мұқағали Мақатаев біздің мақтанышымыз»
Биыл М. Мақатаевтың туғанына 90 жыл толады.Ақын 1931 ж. 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.Азан шақырып қойылған аты - Мұхаммедқали. Әкесі қарапайым шаруашы:колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған.
Бүгін менің , туған күнім,
Ой бәлі ай
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай-деп қамықса, бүгінде қазақ елі ақын ұлының өмірден кеткен есесін толтырып, асқыр тау кең даласында ұлан-асыр той жасап,ақын рухына тағзым етуді өзінің перзенттік борышы деп біледі.
Поэзия,менімен егіз бе едің,
Сен мені сезесің бе,неге іздедім?.
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім -деп жырлаған,саф алтындай поэзиясын елдің мұрасындай етіп қалдыра білген ақынның өлеңдері талай болашаққа көшеді.Ендеше сол бір мәңгілік көштің сырлы әуеніне, жадымызға жаңғырған жыр жолдарына құлақ салайық.
Мұқағалидің “Ильич”, “Ақ қайың әні”, “Ару-ана”, “Мавр”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Қырандастар, қош болыңдар”, “Чили-шуағым менің”, “Шекарада”, “Большевиктер”, “Өмірдастан”, “Арман”, “Шолпан”, “Досыма хат”, “Алтай-Атырау”, “Отаным, саған айтам”, “Райымбек! Райымбек!”, “Қашқын”, “Жер үстінен репортаж”, “Моцарт. Жан азасы” атты поэма-толғаулары бар. 650-ден астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған. М.Мақатаевтың сазды лирикалық өлеңдерін оқыған сазгерлер үлкен әсерде болады. Мұқағали өлеңдеріне көптеген әндер шығарылды. Бұл Мұқағали өлеңдерінің өте бір нәзіктігі. Сазгерді ән салуға жетелеп, өмірге талай тамаша ән әкелді. Мұқағалидың жырлары жастардың жүрегіне, халқының жүрегіне жарқырап жетіп, жалын құйып, өзінің жарығы мен жылуын дарытуда. Оқыған сайын жаңа сырларын, сырлы саздарын төгуде.
М.Мақатаевтың өлеңдері, жыр-шумақтары ғасырдан-ғасырға жалғаса береді. Мұқағали Мақатаевтың есімі жалпы қазақ баласына, жырсүйер қауымға ыстық екені сөзсіз. Ақынның өзі айтқандай, оның өлең-жырлары өлген жоқ.
Ақын поэмаларының ішіндегі ең асылы, ең биігі- «Аққулар ұйықтағанда». Бұл поэма 1973 жылы «Жалын» жинағына жарияланды.